Тарих
Максутова Алтынай Бектасовна, Алты алаштың басын біріктірген – Қазақ хандығы

Алты алаштың басын біріктірген – Қазақ хандығы

Мақала авторы: Максутова Алтынай Бектасовна
Жұмыс орны: №72 жалпы орта мектеп
Лауазымы: тарих пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 17.01.2017


                                                                                     Кіргені  есік,  шыққаны  тесік  болып,

                                                                                     Күнбатыс, Күншығысқа  әмірі  жеткен.

                                                                                     Кешегі  хан  Шыңғыстың  ұрпағына,

                                                                                     Талай  царь,  талай  князь  тәжім                                                                                                       еткен.      

                                                                                                                ***

                                                                                     Мен- қазақ

                                                                                     Қазақпын  деп  мақтанамын

                                                                                     Ұранға  «Алаш»  деген  атты  аламын…

                                                                                     Алтай,  Ертіс, Сырдария, Есіл,  Жайық

                                                                                     Арасын  қоныс  қылдым  ірге  жайып.

 

                                                                                                                               Сұлтанмахмұт

 

            Кейінгі  орта ғасырларда  біздің  ата-бабаларымыз  мекен  еткен Дешті-  Қыпшақ  пен  Батыс  Жетісу  аймағында  тілі,  діні,  салт-дәстүрі  бір- біріне  ұқсас тайпалар  одағы – Қазақ  хандағы  құрылды. Қазақ  хандығының  құрылуына  алғышарттар   моңғол  дәуірінен  бастау  алған  болатын.  Өйткені,  көшпенді  тайпалар  арасынан  өз  ұлысының  «ханына»  немесе  «мырзасына»  бағынғысы келмей бөлініп  шыққан  рулар  «еркін» болған  және  олар  өте  жауынгер,  батыл,  еркіндікті  аңсаушылар  еді.  Осы еркіндікті  аңсаушылар  «қазақтар»  деп  аталды.Ш.Уәлихановтың пікірінше Алтын Орда ыдырағаннан  кейінгі  кезеңде  әрбір Шыңғыс тұқымы дербес ұлысты  билеуге ұмтылған. Ұлы Даладағы  Ақ Орда, Моғолстан,  Әмір Темір мен Шайбани  ұрпақтары, Ноғай Ордасы,  Батыс  Сібір  хандығы  араларындағы тартыс,  шапқыншылық  олардың  арасынан  қазақ  руларының   бөлініп,  өз  алдына    тайпалық  одақтар  құруына  алып  келді. XIV ғасырдан бастап тектес-туыстас ру-тайпалар  арасындағы этносаяси  қауымдастықтардың   біріге бастағаны  байқалады. Осының негізінде жалпыұлттық мүдде қалыптасты. Ең  соңында  Өзбек  ұлысынан немесе Әбілқайыр  хандығынан  Ақ  Орданың  азулы билеушісі  болған  Орыс  ханның  мұрагерлері  Барақ  ханның  баласы Жәнібек  пен  Болат сұлтанның  баласы  Керей  сұлтандар Ұлы Даладағы  билік  үшін болып  жатқан  талас- тартысты  өз  мүдделеріне  пайдалануға тырысып, қазақ  аталып   жүрген  тайпалармен  бөлініп  көшкенде,  оларға  «өзбек-қазақ» деген  ат  тағылды. Кейін   XV ғасырдың  екінші  жартысында  қазақ  хандығының  құрылуына   байланысты   «қазақ»  атауы  біржолата  этникалық  сипатқа  ие  болды. Жалпыұлттық  мүдденің маңызын  түсіне  білген алаш  белсенділеріне  арқа  сүйеген  Керей  мен  Жәнібек   сұлтандар туын тіккен хандық-мемлекет «қазақтардың» халық болып  қалыптасуының  аяқталуын   тездетті. Қазақстанның  кең  байтақ  аумағында  Шыңғыс әулетінің  үш  ғасырға  жуық билік жүргізуіне  қарамастан, қоғамдық  қатынастардың  өрістеуі  жергілікті  ру-тайпалардың  этникалық  құрамы біртұтас  ел  болып қалыптасқан  қазақ халқының   негізін құрады. Өйткені, қазақ халқының құрамына  енген  ру- тайпалар арасындағы байланыс  хан- сұлтандардың қалауынан,  немесе олардың  ұлысты  билеуі  үшін қоныс іздеп көшіп –қонуының  нәтижесінде пайда  болған  құбылыс  емес,  ол  ерте кезеңдерден  түзіліп, тарихтың  қатаң  да  қатігез  сұрыптауынан өтіп, кейде  жіңішкеріп, кейде  қайта  жалғасып,   шарушылықтық- территориялық  және  тілдік –этникалық жіктелулерге  ұласқан  байланыс  болатын.  Мүмкін,  бұл  байланыстың  алғы шарттарын Шыңғысқан түқымдары заманынан емес, ежелгі түрік тайпаларының бірлестіктері  мен қағанаттары дәуірімен  байланыстырармыз. Қазақтың  қоғам  қайраткері,  жазушысы  Ілияс  Есенберлиннің  тарихи-роман   трилогиясы  «Көшпенділер» деп  аталған  шығармасында  Қазақ  хандығының  құрылуы  мен  саяси  дамуы  шебер  суреттеген.

Қазақ  хандығының  этникалық  арқауы – ежелгі  сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, т.б.  түркі  тілдес  тайпалар  қаншама  шапқыншылықты, жаулап  алушылықтар  мен бытыраңқылықтарды  бастан  өткізді. Алапат  ауыртпалықтарға  қарамастан  ұлан-ғайыр  жерге  иелік  етіп,  атамекенінен  ауып  кетпей,  мемлекеттік  дәрежеге көтерілді. Тіпті Шыңғыс  ұрпақтары  мен  шапқыншылық  кезінде  келген моңғол тайпаларының өзі түркіленіп, жаңа этникалық  топтарды  құрады.

Қазақ  хандығының  құрылуы  мен  нығаюы  ұлыстардағы ішкі феодалдық  қырқысулар  мен талас – тартыстарды  азайтты.  Тайпааралық  қақтығысуларға  тиым  салынды.  Маусымдық  мал  жайылымдарын  бөлісу  дәстүрі  орнықты. Тиімді пайдалануға  жағдай  жасалды. Өріс-қонысқа  көшу  реттелді. Хандықтың  іргесі  бекіп, күш-қуаты  мен  беделі   артты.

 

XIV- XV  ғасырлардағы  тарихи  жағдай

 

XIV- XV  ғасырларда  Ұлы  Даланы  мекендеген  үйсін, қаңлы,  қоңырат қыпшақ, найман, керей, уақ, маңғыт, арғын, дулат,жалайыр, алшын,тағы  басқа  көптеген   тайпалар  болды.  Олар  Алтай  тауы  мен  Еділ, Жайық өзендері  аралығына, Каспий  мен Аралға,  Қараталдан  Сырдарияға,  Тянь-Шяньнан  Оңтүстік  Сібірге  дейінгі  кең- байтақ,  жазық  даланы  иеленді.

XIV-XV ғасырлардағы қалыптасқан саяси-тарихи жағдайларға  байланысты  Оңтүстік   Қазақстан,  Шығыс  Дешті-Қыпшақ   пен   Жетісудың бір  бөлігі Түркістан деп  аталды.  Түркістан  аймағындағы  шаруашылықтың       дамуы  көшпелі  және  жартылай  көшпелі  мал шаруашылығымен  қатар  егіншіліктің  ұлғаюынан  айқын  байқалды.  Шаруашылықтардың  түрлі  саласында өзара байланыстар  нығайа  түсті,  қолайлы  жағдайлар  қалыптасты. Тілі,  материалдық  және  рухани  мәдениеті  жағынан  өзара  жақын  этникалық  топтардың  бір- бірімен  тығыз  қатынасы  орнады.  Тарихи  әдебиеттердің  деректеріне  сүйенсек кез келген  қазақ тайпалары өздері қоныстанған  географиялық  аймақтарға  көз  алартып,  зорлық- зомбылық  жасаушыларға  ұзақ,  әрі табанды  қарсылық  көрсетіп,  тойтарыс  беруге  ұмтылған.  Көрші  халықтармен  қандас- туыстық  ынтымағы  қалыптасып, нығайа  түсті.  Дегенмен,  қазақ  тайпаларының  ру-ру болып бірнеше  бірлестіктердің – мемлекеттердің  қол  астына  бөлінуі, Шыңғысхан  ұрпақтарының  арасындағы  талас – тартыстар,  үздіксіз  жүргізілген  шапқыншылық  соғыстар  туыстас   этникалық  топтардың  үнемі  бытырап  кетуіне, шаруашылықтарының  құлдырауына  ықпал  етті.  Олардың  бірігіп, нығаюын  тежеп  отырды.

Шыңғысхан   ұрпақтары  арасындағы  билік  үшін  таластар  орта  ғасырлық  жылнамашы –тарихшылардың  шығармаларында  баяндалады.   Мысалы, Фазлаллах Ибн Рузбиханның  шығармасынан, Мухамед  Хайдар  Дулатидің  «Тарих-и Рашиди», Өтеміс қажының «Шыңғыснама», Қадырғали  би Қосымұлы  Жалайыридың  «Жылнамалар  жинағы», Рашид  ад-Диннің  «Джами  ат-тауарих», Шах Махмуд Чоростың «Тарих», Әбілғазы  ханның  деректерінен құнды  мәліметтер оқуға  болады.  Тарихи  оқиғалар тізбегі  дәл  осы кезде  Ұлы  Даланы  мекендеген  алаш  тайпалары  мен  руларын  мемлекет  етіп  біріктіру міндеті алға тартылғанын  көрсетеді. Бұл  міндеттердің  шешілуі  үшін  сәтті  тарихи  жағдайлар  қалыптасып,  қазақ  хандығының  құрылу  мүмкіндігін  шешу  міндеті  Ақ Орданың  азулы  ханы  Орысханның ұрпақтарының  еншісіне  тиіпті. Академик Ә.Марғұлан  қазақ  жазба мәдениетінің  алғашқы үлгісі  деп бағалаған Қадырғали  би  Қосымұлы  Жалайыридың  «Жылнамалар  жинағында» баяндалғандай: «… Орус   Алатау  маңына  қоныс  тепті.  Ол  өте  биік  көрінетін  тау.  (Адамдары)  өте  биік,  қуатты  және  сәнді,  батыр  келеді.  Бұл  мәлім  және  белгілі  (жәй). Орус  хан  неше  жылдар  осы  жерде  патшалық  құрды.  Ақырында  солтүстік  жағында  Киштим  деген  жерде    ажал  тапты.  Оның  ұлы  Құйырчық  еді. Атасынан  соң  ұлысын  сол  биледі.  Ол  заманда  Қашқар  уалаятымен  қақтығыс  бар  еді. Бұл  Құйырчық  сұлтанды  атасынан соң  патшалыққа  отырғызысты. Құйырчық  хан  өтіп еді.  Оның  ұлы  Барақ  аталық  болатын.  Атасынан  соң  падишаһ болды. Ұлысты  түгел  өзіне  қаратты.  Құйырчық  ханнан  соң  соны  хан  көтерісті. Барақ  ханды  жеңімпаз  батыр,  алып  еді  деседі. Айналасындағы  уалаяттарды    өзіне  тәуелді  қылды.  Ақырында  Еділ  мен  Жайықтың  арасы, Сарайчыққа  жақын  Қазы, Наурызбен  ұрыста  ажал  тапты. Оның  ұлын Кіші  Жәнібек  хан  деп  айтады. Бұл  Жәнібек хан  атасының  ұлысын  биледі. Оның  ұлдары  көп  еді.  Аңызға  айналған …зағлы  қырық  інісі  бар. Аты  әйгілі болған ұлдары мынылар:Қасым хан, Қамбар сұлтан.» (Р.Сыздықова, М. Қойгелдиев «Қадырғали  би  Қосымұлы  және  оның  жыпнамалар  жинағы» Алматы: «Қазақ  университеті»,1991)  Мұндағы  деректерде  Қазақ  хандығы  туралы  ештеңе  айтылмайды. Бірақ, Қ.Қосымұлының  жылнамасында  көрсетілгендей  «Орус  ханнан  Жәнібек  ханға дейін төрт буынды» Қазақ хандарының  шежіресі  айтылған.  Жалпы,  бұл еңбекте Шыңғысханның  ата-бабаларынан  бастап  Шығай  ханның  ұлдары  Тәуекел  мен Есім хандарға дейінгі тарихи  шежіре  баяндалады.

 

 

XV- XVІ  ғасырлардағы  саяси  жағдай

 

Қазақ  хандығы  көшпелі  ақсүйектер  басымдығы  артқан  Әбілқайыр  хандығы  мен  Моғолстанның ішкі саяси қақтығыстарының  нәтижесінде  құрылды. Шығыс  Дешті–Қыпшақ пен  Жетісуда  өмір  сүретін ру-тайпа көсемдері саяси  тәуелсіздікке ұмтылып,  Әбілқайыр  мен Есенбұғаның  билігіне  мойынсұнғысы  келмеді. Түбі  бір,  тегі  бір  тайпалардың  әр  түрлі  мемлекеттік  бірлестіктердің  қоластына  бытырап  кетушілігін,  саяси  жағынан  бастарының  бірікпеушілігін  жою Керей  сұлтан  мен  Жәнібек сұлтандардың есімімен  байланысты. Өйткені  қазақ  тайпалары XV ғасырдың  40-50 жылдары  Керей  мен  Жәнібектің  маңына:  Түркістанның  солтүстігіне, Қаратау,  Сырдария  өңірлеріне  топтасып, Моғолстанның   иелігіндегі  батыс  Жетісуға  баса –көктей келіп, Шу  өңіріне  қоныстанды.Әбілқайыр  хан  даладағы билігін  нығайту үшін күресіп жүргенде  Ақ  Орданың  мұрагерлері  Қазақстанның  оңтүстік -шығысында  өздерінің  билігін қамтамасыз  ете  алды. Әбілқайыр  хан өз  билігіне  наразы  сұлтандарға  1457 жылғы  Сығанақ  түбіндегі  ойраттарды  бастаған  Үз-Темір  тайшының  шапқыншылығынан жеңіліп  қалғаннан  кейін   қысым көрсетіп, қатаң  заң  орнатып,  жазалай  бастайды. Бұл  жағдай  оның  ел  ішіндегі  беделін  түсірді.  Осы  тарихи жағдайларды  бағамдай  білген  Керей  мен  Жәнібек  сұлтандар  Әбілқайыр  ханға  бағынбай  жүрген  қазақ  тайпаларының  көсеміне  айналды.  Өздерін  қолдаған  елді  ертіп  Батыс  Моғолстанға  көшеді.  Сол  кездегі  Шағатай  әулетінің  билеушісі  Есен-Бұға   оларға  Шу  мен  Талас  аралығындағы  Қозыбасы  жерін  береді.  Ондағы  мақсаты  жауларына  қарсы  одақтас  табу:

  1. — Әбілқайыр хан мен  Темір  әулетіне  қарсы  қазақтардың  күшін  пайдалану.
  2. — Ойраттар  шабуылынан  Моғолстан  шекараларын  қорғау,  т.б.

Моғолстан  ханы  берген Қозыбасы жері  «қонысы — құтты  мекен»  болды.  XV  ғасырдың  50-жылдарында  басталған   көшу  тасқыны   ондаған  жылдар   бойына  толастамады.  Шу  өлкесінде  құрылған  жаңа  мемлекеттің  өзінің  алдындағы  Алтын  Орда,  Ақ  Орда,  Әбілқайыр  хандығы  сияқты    хандықтардың   мемлекеттік  құрылымынан  негізгі  айырмашылығы – қазақ  хандығы  жаулап  алушылық  нәтижесінде  құрылған  жоқ,  жергілікті  экономикалық,  этникалық  негіздерден   шыққан. Мұхамед  Хайдар  Дулатидің  жазба  деректеріне  сүйенсек  Батыс  Жетісу  аймағындағы  Қозыбасы  тауының  етегінде  1465-1466  жылдар  шамасында   Қазақ  хандығының  Ордасы  тігілген.  Аталған  шығармада: «Ол  кезде  Дешті –Қыпшақты  Әбілқайыр  хан  биледі.  Ол  Жошы  әулетінен  шыққан  сұлтандарға күн  көрсетпеді.  Нәтижесінде  Керей  мен  Жәнібек  хандар  Моғолстанға  көшіп  барды. Есен-Бұға  хан  оларды  құшақ  жая  қарсы  алып, Моғолстанның  батыс  шетіндегі  Шу  мен Қозыбасы аймақтарын  берді…  Әбілқайыр  ұлысының  шаңырағы  шайқалды.  Ірі-ірі  шиеленістер  басталды. Оның  үлкен  бөлігі  Керей  мен  Жәнібек  ханға  көшіп  кетті.  Олардың  маңына  жиналғандардың  саны  200  мыңға  жетті.  Қазақ  сұлтандары  хижраның  870  жылында (1465-1466ж.) билей  бастады.» — деп  жазылған. (Мұхамед Хайдар Дулати «Тарих-и  Рашиди А.,2003)  Жас қазақ  хандығы  шығысында  Моғолстанмен, Оңтүстігінде  және Батысында  Темір  ұрпақтары  мен  Әбілқайыр  мемлекеттерімен  шектесті.

1462 жылы  Моғолстан  ханы  Есен-Бұғаның, 1468 жылы  Керей  мен  Жәнібек  хандарды   жазалауға  жорыққа  шыққан  Әбілқайыр  ханның  қаза  болуы  Қазақ  хандарының   Дешті –Қыпшақтағы  билік  үшін  күреске тартылуына    жол  ашты. Ең  алдымен, өз  шекараларын  кеңейтуге,  Сырдария  аумағындағы қалаларды және  Қаратау  өңірін  қосып  алуға  ұмтылды. Өйткені, бұл  жерлер Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды.Керей  мен  Жәнібек  хандар  бірінші  кезекте  өздеріне мұралыққа  қалған осы жерлерге, осындағы  ірі  Созақ, Сауран, Сығанақ, Түркістан  сияқты тағы  басқа қалаларға  өз  құқықтарын бекітуге  талпынды.  Ежелден-ақ  белгілі  жайт – Сыр  өңірінің  экономикалық  және  стратегиялық  маңызы  ерекше болған.

Дешті –Қыпшақтағы үздіксіз  қан  төгіс  соғыстар  елді  титықтатып,  шаруашылық  пен  тұрмысқа  ауыр  зардаптар  тигізді.  Сонымен  қатар  мал  жайылымынан  таршылық  көрген  қарапайым  халық  бейбіт  өмір,  кең  өрісті  аңсаған  Қазақ  тайпаларының  осы  арманын  саяси  тұрғыдан  біріктірген  Керей  мен  Жәнібек  сұлтандар  тарих  сахнасынан  белең  ала  бастады. XV ғасыр   қазақ  рулары  үшін  ең  ауыр ғасырлардың  бірі  еді. Осы  ғасырда  өзара қырылысып,  сырт  жауын  кейде  жеңіп,  кейде  жеңіліп,  тайталасқа  түсіп  жүрген  қазақ  рулары  ел  болып  бастарын  біріктіру  үшін  күресуге  бел  буды.  Бірақ,  үйірлі  құландардай  ұлан-ғайыр  даласында  ру-ру  болып  көшіп  жүрген  елдің басы  оңай  қосылмады.  Көшпелі  мал  шаруашылығымен  айналысып  жапан  түзде   біресе  солтүстікке,  біресе  оңтүстікке  бытырап  көшіп  жүрген  қазақты  ел  етіп біріктіру үшін  қаншама  тәсіл, қаншама  күш қолданылмады? Дала  данышпаны  Қотан  жырау  өлер  алдында:

«Жәнібектің  сырты  ғана  күлкі-әзілді паш  еткен,

                      Мезгілі   көп  оңаша  қап  жас  төккен » —

деп  бекер  айтпаған  болар. Сол  кездегі  хан  сайлау  дәстүрі  бойынша  Керей  сұлтанның  да,  Жәнібек  сұлтанның  да  таққа  отыруға  құқығы  болған.  Екеуіде  Шыңғыс  хан  әулетінен,  Жошы  ұрпағы,  Ақ  Орда  хандығының  азулы  билеушісі  Орыс  ханнан  тарайтын  ұрпақ.  Дегенмен,  Жәнібек  Қазақ  Ордасындағы  беделді  сұлтан  ретінде  танылған.  Халық  ханның  ерлігін,  ақылдылығын,  парасатын,  көрегендігін  мойындап  «Әз –Жәнібек» деп  атаған.

 

Қазақ  хандарының   жер  үшін  күресі

 

Қазақ  хандығының   жер  үшін  күресі  сол  кездегі  мынадай  тарихи   міндеттерді  шешуі  тиіс еді:

  1. Көшпелі шаруалардың  жайылымдарды  пайдаланудағы  бұрыннан  ата-бабалары  сақтап  келген  дәстүрлерді  қалпына  келтіру.
  2. Шығыс пен  Батыс  арасындағы  керуен — сауда жолы  үстіне  орналасқан  Сырдария  бойындағы  Сығанақ,  Созақ,  Отырар,  Иассы,  Аркөк, Сауран, Сайрам,  т.б.  қалаларды  хандықтың  қарамағына  қарату.  Экономикалық  және  стратегиялық  маңызға  ие  бұл  аймақ :

—  Біріншіден,   керуен-сауда  байланыстарының  орталығы  болды.  Дешті –Қыпшақтың  көшпелі  еліне  қаланың  өнеркәсіп  заттары,  отырықшы  жұрттың  егісінен  өнетін  азық –түлігі  қандай  қажет  болса,  отырықшы  елдер  де  көшпелі  жұрттың  өсіріп  отырған  малының  еті,  жүні,  терісіне  сондай  мұқтаж  еді.

—  Екіншіден,  Сыр  өңіріндегі  қары  аз,  қысы  жылы  болып  келетін ауа-райының  жағдайы   мал  шаруашылығымен  айналысатын  көшпелі  ауылдарға  жайлы  қыстау  бола  алатын.  Біртіндеп  халқының  саны  артып,  мал  басы  өсіп,  өркендеп  келе  жатқан  көшпелі елге  Шу,  Сарысу,  Талас  өзендерінің  бойы  жеткіліксіз  бола  бастаған.  Жаз  маусымында  малын Сарыарқада  бағып,  қыста  Сыр  бойының  құнарлы  жерлері – бағалы  қыстауларын   жайлауды  қазақ  рулары   көксей  бастаған  болатын.

— Үшіншіден,  Сыр  бойының   қалалары  мықты  әскери  бекіністі  камалдар

ретінде  өте  қажет  еді.

  1. Қазақ тайпаларының   басын   қосып,  этникалық   аумағын   біріктіру.

Әбілқайыр ханның баласы Шейх-Ахметтің, немересі  Мұхамед  Шайбанидің     Шығыс –Дешті  Қыпшақтағы  шайбанилер  әулетінің  билігін  нығайтуға  жанталасуы  Қазақ  хандығымен  арасындағы  отыз  жылға   созылған  жаулаушылық  соғыстарға  ұласты.  Бұл  күрес  Керей  ханның  ұлы  Бұрындық хан  мен  Жәнібек  ханның  ұлы  Қасым  хан  тұсында  Қазақ  хандығының  жеңісімен  аяқтаталған.  Нәтижесінде  Сыр  бойындағы  және  Қаратау  өңіріндегі  біршама  жерлерді  қосып  алу  арқылы  Қазақ  хандығының  жері  көлемі  жағынан  әлдеқайда  ұлғайды,  халқының  саны  арта  түсті.

 

Қазақ  хандығының  ішкі  және  сыртқы  жағдайының  нығаюы.

 

Ортағасырлық  Қазақстан  аймағында  қазақ  мемлекеттігінің  өмірге  келіп  дамуы  қазақ  этносының  өркен жаюының  ұзақ  жолында,  оның  бірегей  құралып  қалыптасуы  мен  нығаюында,  тұтастығын  сақтап  қалуында   аса  зор  маңызы  болды.  Ішкі  феодалдық  қырқыстар  мен  талас- тартысты  тоқтатты.  Адам  өліміне, өріс  бұзылуына  әкеп  соқтыратын  тайпааралық  қақтығыстарға  тиым  салынды. Көшпелі  және  жартылай  көшпелі  шаруалардың  ежелден қалыптасқан  дағдылы  мал  жайылымдарын  жыл  мерзімдері  байынша  тиімді  пайдалануына  жағдай  жасады. Қазақ  хандығының  Ордасы  Шу  өзені  бойына      тігілгенімен  кейіннен  саяси- әкімшілік  орталығы  бұрынғы  Ақ  Орданың  астанасы  болған  Сығанақ  қаласына  көшірілген.  Ал  Қасым хан  тұсында  Түркістан  қаласы  хандықтың  ордасы  тігілген  қасиетті  мекенге  айналды.                                         XV- XVІ  ғасырлардың  басында  Орталық  Азия  жеріндегі  саяси  өмірде  көптеген  тарихи  өзгерістер  орын  алды.  Әбілқайыр  хан  қаза  тапқан  соң  оның  ұлысы  ыдырады.  Шайбани  әулетінің  Көк Ордасын  қалпына  келтіруге  ұмтылған  Әбілқайырдың  немересі  Мұхамед  Шайбани  Темір  әулетімен  күресте  жеңіліс  тапты. Моғолстан  хандығы  ішкі талас- тартыстардың  нәтижесінде,  шығыс  шекарасынан  ойраттардың  жиі-жиі  шабуыл  жасауының  салдарынан  әлсіреп,  бірнеше  иеліктерге  ыдырап  кетті. Керей  мен  Жәнібек,  Бұрындық  пен Қасым  хандар  Шайбани  әулетінің  мұрагерлеріне  қарсы  күресте  олардың  мемлекетіндегі  ішкі- сыртқы  қайшылықтарын  толық  пайдаланған.  Әбілқайырмен  билікке  таласып  келе  жатқан  Жошы  ұрпақтарын, Батыс Сібірдің  билеушісі  Ибақ ханды,  Ноғайды  билеуші  мырзаларды  одаққа  тарта  отырып,  бірге  күресті.   Сыр  бойындағы  қалалар   жас  мемлекеттің  күш- қуатын,  саяси  беделін  нығайтты,  әлемге  танытты.  Бабаларымыз  бұл  қасиетті,  қадірлі  жерді  басып  алуға  ұмтылғандарға  үнемі  тойтарыс  беріп,  қорғап  келді.  Мұхамед Хайдар Дулати  деректерінде  XVІ  ғасырдың  басында  Дешті- Қыпшақтағы  барлық  билік  қазақтардың  қолында  болғандығы  жазылған.Қазақ  хандығының  өрлеуін Қасым  ханның  есімімен  байланыстырады. «Қасым хан Дешті –Қыпшақты  түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан  соң ешкімде ол  сияқты (мұнда) жоғары  билікке қол  жеткізе  алған  жоқ»- дейді  М.Хайдар  Дулати «Тарих-и Рашиди» шығармасында.  Дәл  осы  кезеңдерде  Қазақ  хандығының  жер  аумағы  Жайық  өзенінің  алабына   дейін  кеңейе  түсті. Оңүстікте  Сырдария,  Солтүстік  пен  Солтүстік-Шығыста Ұлытау аймағы мен  Балқаш  көлін  қамтып,  Монғол  шапқыншылығынан  кейін  тұнғыш  рет  барлық  қазақ  рулары  мен  тайпалары, соның  ішінде  Жетісу  жері де  бір  мемлекетке  бірікті.  Әз- Жәнібектің  баласы Қасымханның  қол  астындағы  халық  саны  бір  миллион  деп  есептелді. Ал тұрақты әскерді  қалыптастырған Қасымның  әскері  туралы  Захир  ад-дин  Мұхаммед  Бабырдың  шығармасында  былай  делінген: «Жұрттың  айтуына  қарағанда,  қазақ  хандары  мен  сұлтандарының  бірде –бірі  бұл  халықты  дәл  осы  Қасым  хан  сияқты  бағындыра  алмаса  керек.  Оның  әскерінде  үш  жүз  мыңға  жуық   адам  бар  еді.» («Бабырнама» Алматы., «Жалын» 1990  26-бет).  Халық  санының  өсуі  мен  сапасының  артуы   жалпыұлттық  сананың  қалыптасуына  ұласты.  Тоныкөк  жазбасында  кездесетін  түркі  тайпаларының   арманы – Мәңгілік ел  болып  ұйысу  үрдісі қайтадан бастау  алды.  Бұл құбылыс  мемлекеттілік  құрылымның  нығайғанын көрсетеді.  Ел басқаруда  ішкі  қатынастарды  қатаң  белгілі бір жүйеге   түсірген  құқықтық  нормалар  орнықтырылды.  Қалың  бұхара  мойындаған  заңдар  жинағы  «Қасымханның  қасқа  жолы» деген  атаумен танымал  болды. Дербес  мемлекет  ретінде халықаралық қатынастарға  тартылды. Еуропаға танымал болды. Өзімен  көршілес  елдердің  билеушілерін  алаңдатты. XVІ  ғасырлардың  басында Қазақ  хандығы бұрынғы Ақ  Орда, Көк  Орда иеліктері  мен Батыс  Моғолстанның  бір бөлігін  қоластына қаратып, иелік еткен. Мұхамед Хайдар  Дулати шығармасында: «Хижраның 940жылына (1533-1534ж.)дейінгі барлық  уақыттар бойы қазақтар Өзбекстанның (яғни Шығыс-Дешті Қыпшақтың) үлкен  бөлігінде тұтасымен үстемдік құрды.»-дейді. (Мұхамед Хайдар Дулатидың да,  Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың да  шығармаларында Шығыс-Дешті Қыпшақ  аймағы Узбекия, Өзбекстан деп аталған. Қашмирде  жазылған «Тарих-и Рашиди» шығармасында М.Хайдар Дулати Қазақ хандығының халқын  «қазақтар» деп атаса, Қадырғали би Қосымұлының «Жылнамалар жинағында» «алаш мыңы» туралы айтылады.)

 

Қазақ ұлты  мен қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында ерен  еңбек  еткен тарихи  қайраткерлердің  қызметі мен есімдері  бүгінгі  күнге  жетті. Жалпыұлттық  мүддені  ту  еткен  хан-сұлтандар  Жәнібек, Керей, Бұрындық, Қасым,Хақназар, Тәуекел, Есім,  Жәңгір, Тәуке   хандардың  мемлекеттік аппараттарының   жүргізген қажырлы  саясаттарының  арқасында  қазақ  тайпалары  біртұтас ұлт болып  қалыптасты. Қазақ  хандығының  қалыптасу  тарихында  Ұлы  Даланың  кеменгерлерінің  әрқайсысының  өзіндік  орны  бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Join The Discussion