Тарих
Болат Бекішев Меңдіғалиұлы, Махамбеттің бейітін тапқан …

Махамбеттің бейітін тапқан …

Мақала авторы: Болат Бекішев Меңдіғалиұлы
Жұмыс орны: БҚО, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылы, «Алмалы ОЖББМ» КММ
Лауазымы: Тарих пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 13.03.2017


Ел үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз көнекөз қариялардың есімін ардақтап, барша жұртқа жария ету – біздің парызымыз. Бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз — Махамбет бабамыздың бейітін тауып, асыл мұрасын ұрпаққа қалдыруға себепші болған жерлестеріміз – Құрақ Бектұрғанов пен Қанаш Иманбаев аталарымыз жайында.
Тарихқа үңілсек, 1836-1838 жылдары Қазақстанның батыс өңірін түгел шарпыған Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің даңқын естімеген қазақ, сірә, жоқ шығар.Патша үкіметінің солақай саясатына, Жәңгір хан мен қайын атасы Қарауылқожаның озбырлығына қарсы шыққан қаймана қазақтың басын біріктірген Исатай болса, жігерін жаныған Махамбет батыр еді.Көтерілістің жеңіліс табуына да хан баласының аярлығы себеп болып еді.1846 жылы Баймағанбет сұлтанның Махамбеттің басы үшін тіккен ақшасына бола, ағайын болып араласып жүрген адамдар қапыда батырдың басын алып, мерт еткен болатын.Бұл Атырау облысына қарасты Қарой деген жерде болған оқиға.Осы қанда да қаралы оқиғаға ғасырдан астам уақыт өтсе де, айбынды батыр, адуынды ақынның бейнесін халық назарына ұсыну мүмкін болмады.Өйткені, батырдың жерленген жерін дөп басып айтар адам әлі табылмаған еді.
1958 жылдың жазы.Белгілі жазушы, академик-ғалым, әдебиетші Қажым Жұмалиев пен атақты ақын Тайыр Жароков шығармашылық сапармен елге келіп, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысының біраз жерін аралап қайтты.Осы сапарда Қ.Жұмалиевтің ауыз әдебиет үлгілерімен қатар, көбіне ден қойғаны Махамбет пен оның өлеңдері, әсіресе, бейітін іздестіру еді.
«Сұрай-сұрай Меккеге де жетерсің,» — демекші, ел арасынан сұрастыру нәтижесі ғалымды Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданының «Котельников» кеңшарында (қазіргі Алмалы округі) тұратын Бектұрғанов Құраққа кезіктірген еді.Құрақ ақсақал оған Махамбет батырдың жерленген жерін әкесінің көрсетуімен білетіндігін, батырға аталас туыс болып келетінін айтып, бейітті көрсетеді. «Әкем жарықтық: — Балам, бұл қасиетті мекен. Бұл жерді кім көрінгенге көрсете берме.Батырдың киесі ұрады.Уақыты келгенде бабамыздың іздеушісі табылады әлі-ақ! –деп еді.Қайран көреген қарттар-ай,» — көзіне жас ала тебіренеді Құрақ ақсақал Қажымға айтқан әңгімесінде.Бұл- жоғарыда айтылған Атырау облысының Индер ауданына қарасты Қарой деген жер еді.
Белгілі антрополог-ғалым әрі мүсінші Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов 1966 жылы жазда батырдың қабірін ашып, ақын сүйегін Алматыға алып кетті.Акдемик М.М.Герасимовтың әдісімен бас сүйегі негізінде Махамбеттің портретін жасап шығарды. «Батырдың бас сүйегі қалыпты адамдарға қарағанда көлемді және ми қауашағы да үлкенірек.Бұл Махамбеттің ерекше адам болғанын көрсетеді,» — деп жазды ғалым өзінің «Ғасырлар түкпірінен» атты кітабында.Сонымен қатар Н.Ж.Шаяхметов жендеттер батырға төрт рет қылыш сермегенін де дәлелдеп көрсетті.Сөйтіп, арада 120 жыл өткенде барып батырдың бет бейнесі туған халқы алдында жарқырай көрінді.
Құрақ атамыз осындай ерен еңбегімен ел есінде қалған еді.Бүгінгі таңда Атырау облысы Индер ауылында атамыз атында көше бар.Бүгінде ұрпақтары Орал қаласында, Алмалыда ғұмыр кешуде.Қайыр, Амангелді атты ұлдары әке мұрасын ұлықтап жүрген жандар.Оған дәлел ретінде «Әке аманаты» атты кітапты атап өтуге болады.Жамалхан атты ұлы өмір бойы Алмалы ауылында тұрып, таяуда ғана өмірден озды.Жан-жары Бәтес апамыз балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған әже.
Енді келесі әңгіме келесі кейіпкеріміз жайында.Махамбет бабамыздың домбырада шебер ойнап, күй шығарғаны жайлы айтылып жүрсе де,нақты күйлері нотаға да, таспаға да түспеген болатын.Өнертанушы Нәубет Көшекбаев Махамбет күйлерін іздестіру мақсатымен Батыс Қазақстан өңірін аралап, көнекөз қариялармен тілдеседі.Ізденістің соқпақ жолы Нәубет ағамызды 1978 жылы Алмалыға жетектеп әкелді.Кеңшардың аға шопаны,шебер домбырашы, дәулескер күйші Қанаш Иманбаев ақсақалданН.Көшекбаев Махамбеттің «Ақтабан», «Жайық асу», «Шілтерлі терезе», «Қилы қырғын» атты төрт күйін жазып алады.Бұл ғылым үшін баға жетпес құнды дүниелер еді.1979 жылы Қанаш атамыз Алматыға шақырту алып, Махамбеттің күйлерін қазақ теледидарының эфирінен орындайды.Сөйтіп, баба күйлерін барша қазаққа паш етеді.Біздің заманымызға жеткен Махамбеттің жеті күйі бар болса, соның төртеуіне Қанаш атамыздың сіңірген еңбегі зор.Бүгінде өмірден озған Қанаш қарттың ұрпақтары оны мақтан етеді.Үлкен ұлы Жұмабай Тайпақ ауылында тұрады.Үйлі-баранды.Жұрт қатарлы ғұмыр кешіп жатырған жайы бар.Әке қасиеті кіші ұлы Құрманға дарыған.Құрман ағамыз Алмалы ауылында тұрып, дүниеден озды. Жиын-тойларда киелі домбыраны күмбірлетіп, құлақ құрышын қандырып жүрген өнерпаз еді. Жары Балжан апамыз ұл-қыз, немере тәрбиелеп отырған абзал ана.
Қайран батыр, ақиық ақын Махамбет бабамыз армандаған өмір тек еліміз тәуелсіздік алғаннан соң келді.Азат елде өмір сүріп, азаттық үшін арпалысқан арда бабаларымыздың ерен ерлігіне сүйсіне өсіп келе жатырған өскелең ұрпаққа баба мұрасын мирас қылып қалдырған аталарымыздың еңбегін таныстыра жүруді өзімізге борышты бір міндет санадық.

One Response

  1. nunikosha 13.03.2017

Join The Discussion