Өзін-өзі тану
Қабдуғалиева Алуа Сатыбалдықызы, Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда ойын технологиясының алатын орны

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда ойын технологиясының алатын орны

Мақала авторы: Қабдуғалиева Алуа Сатыбалдықызы
Жұмыс орны: Өскемен қласы әкімдігінің "Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебі"
Лауазымы: Өзін-өзі тану пәні мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 13.11.2017


 «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес» деп В.А. Сухомолинский айтқандай шынымен де ойынның оқушыларға тигізетін пайдасы зор.

Ойын – ол адамның өмірді тануының алғашқы қадамы. Сондықтан, ойын ойнату арқылы оқушылар өмірден көптеген маңызды мәліметтерді ала отырып білімдерін де ары қарай дамытады.

Ойынды сабақта қолданудың жалпы мақсаты — оқушыларды қызықтыру арқылы білімді меңгерту болса, мұғалімнің міндеті –сол ойын түрлерін пайдалана отырып, ойын шартын дұрыс түсіндіріп, оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне, ойларын дамытуға, тіл байлығын арттыруға қол жеткізу.

Оқу үрдістерінде ойын түрлерін балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес түрлендіріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау және тексеру кезінде, яғни сабақтың кез келген кезеңінде оқыту әдісінің құралы ретінде пайдаланамын. Бала тек ойын ойнап қана қоймай, осы ойын арқылы білім алып, жан-жақты тұлға дамиды.

Ойын барысында оқушылардың белсенділігін, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өзін-өзі тану пәнінен әртүрлі ойын технологияларын пайдаланудамын. Ойын арқылы жүргізілген сабақ оқушыларға жеңіл әрі түсінікті болады. Мен өз сабағымда ойындарды көп қолданамын. Ойындарды түрлендіру арқылы жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді және жұмбақтарды да ойын арасына қосамын.

Ойын кезінде оқушылардың өздері қолдан жасаған, құрастырған, шығармашылық жұмыстарының орны ерекше. Өйткені өздері ойын барысында жаңа білім алып, елестету, ойлау, сөйлеу тілімен олардың түрлі қабілеттері:

 

ұйымдастырушылық, музыкалық, құрастырушылық тағы басқа шығармашылық қабілеттері дамиды. Бастауыш сынып оқушыларына өзін-өзі тану пәні бойынша тақырыпты меңгертуге сабақ мазмұнын ашатын, тәрбиелік мәні бар ойындар қолданылады.

Өз сабағымда төмендегідей ойындарды қолданамын: «Айна», «Дауысынан таны»,  «Адамгершілік жібі», «Балық, құс, аң», «Мен кіммін?», «Жақсы жаман»,  «Ойлан тап», «Үнсіз почта», «Ою құрастыру», «Фигураны тап», «Крокодил».

«Жақсылық жасай білейік» тақырыбында «Балық, құс, аң» ойыны төртінші сынып оқушыларының ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізілді. Ойынның  шарты мынандай болды:
Жүргізуші ойыншылардың жанына барып жаймен ғана «балық, құс, аң»- деп айтып-айтып келеді де, бір топтың жанына барған кезде дауысын қаттырақ шығарып:
-Балық!(немесе аң, құс) –деп айтып қалады. Сол мезетте ол топ ұйымдасып  бірден өздері білетін кез-келген балықтың атын айтып үлгеруі керек. Айта алмай қалса ол топ ойыннан шығады. Ойын ең соңғы топ  қалғанша жалғаса береді. Сабақ барысында ойын жүргізу арқылы оқушылардың ұйымдастырушылық қабілеттерін  дамыту барысында , өте қызық, әсерлі болатындығы байқалды.

Сонымен қатар оқушылардың құрастырушылық қабілеттерін дамыту барысында сөзжұмбақтар, ребустар, синквейн және тақырып мазмұнына сай әңгімелер, ертегілер  құрастыру қолданылуда. Оқушылардың  ой-өрістерін кеңейтуде тиімді , әрі қызықты деп санаймын.

Өзін-өзі тану пәні сабағында оқушыларды ойын технологиясы арқылы адамгершілік құндылықтарға баулуға болады. Ойын кезінде оқушыларда ең бастысы достық сезім оянады, бір-біріне деген сенімділік, қамқорлық, мейірімділік, сыпайылық, қайырымдылық, әдептілік қарым-қатынастары пайда болады. Осы құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, олардың өздерін және қоршаған ортаны тани білулеріне де мүмкіндіктер туады.

А.С. Макаренко былай дейді: «ойында бала қандай болса, өмірде кәсіби қызмет саласында, көбінесе сондай болады». Сондықтан, болашаққа адамды тәрбиелеу-бәрінен бұрын ойын арқылы жүзеге асырылады.

Барлық оқушы бірдей емес, әрине әр оқушының сабаққа қызығушылығы, дүниетанымы, дамуы әртүрлі. Сондықтан оқушылардың осы топтарына әр түрлі талаптар қоюға тура келеді. Ал ойын технологиясы кез-келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті ол төмен оқитын оқушының өзін ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындағанын көрсетеді. Кез-келген сабақты бір сарынды жүргізе берсең, оқушылардың да жалығары анық. Сондықтан, оларды жалықтырмай әр түрлі ойын түрлері мен сабақты қызықты өткізуге тырысамын.

Ойын технологияларымен өткен сабақ өте тиімді:

—   Материалдарды түсіндіруде мұғалімде көп қиыншылық болмайды

—   Оқушылар жаңа сабақты, материалды оңай қабылдап, тез меңгереді

—   Сабақты түсіну арқылы оқушылардың ынтасы артады

—   Тірек-сызбалар арқылы үш-төрт сөзден сөйлем немесе шағын әңгіме, диалог құрай алады.

Ойын–оқушылардың негізгі іс-әрекеттерінің бірі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп, дами алмайды. Бұл өмірдің заңдылығы. Сондықтан да, ойын технологиясын сабақта қолданудың маңызы өте зор.

Ойынды халқымыз балаларын тәрбиелеуде ертеден пайдаланған. А.Байтұрсынов атамыздың  «Баланы ойынға үйрету, ойынға қатыстыру арқылы ойыны қайсы, үйретуі қайсы екенін балалар айырмастай, сезбестей етіп үйретуі керек» деген қағидасын басшылыққа алған жөн.

 

 

 

Әдебиеттер:

  1. Бактаева К.К, Бакиева Т.А. //Психотренинг: ойындар мен жаттығулар. Астана – 2006.-7-27бет
  2. Тайтөлеуова А. Ойын арқылы бала тілін дамыту Бастауыш білім. 2007 №5.   Б 4
  3. Құдайқұлұлы Ғ. Мектеп балаларының ойындары Қазақстан мектебі 2000 №2 Б. 70-72
  4. Бейсекеева Б.О. Адамгершілік – рухани тәрбиенің барысында балаларға өзін тану себептерін қалыптастыру. // «Өзін-өзі тану адамгершілік – рухани білім беру курсын ұйымдастырудағы ғылыми – әдістемелік бағдарлар» шығармалар жинағы. – Павлодар. 2010. – 50-55 бет.

 

 

 

Join The Discussion