Тарих
Хамракулов Дилшод Баходирович, Түркістан қаласында ислам дінінің таралуы

Түркістан қаласында ислам дінінің таралуы

Мақала авторы: Хамракулов Дилшод Баходирович
Жұмыс орны: О.Қ.О., Түркістан қаласы, № 20 жалпы орта мектеп
Лауазымы: Ұстаз
Порталға жариялану мерзімі: 08.02.2016


Арабтар Орта Азияны және Қазақстанның оңтүстік аймақтарын басып алғаннан кейін, ислам діні тарала бастады. Бірақ Түркістан халқы ислам дінін тез қабылдаған жоқ. Ал – Истахридің айтуына қарағанда, Шауғар халқын ислам дініне кіргізген саманидтік билеуші Ахмед ибн Асад. Бұл оқиға 245/859 жылы болған және осы жылы Шауғар да бірнеше мың халықты таяққа жыққаны айтылады. Бұл жерден біз арабтар Шауғарды алғаннан  кейін бір ғасырдан кейін ғана ислам дінін қабылдағанын көреміз. Осы кезден бастап Шауғар, Яссы, Түркістан қалаларының өмірінде ислам дінінің дамуында негізгі фактор болып саналатын мешіттердің саны көбейе түсті.

Мешіт – бұл Аллаһтың үйі. Өзін мұсылманмын деп санайтын барлық мұсылманның ғибадаты мешітпен тығыз байланысты. Түркістан  Шауғар болып аталған кезінің өзінде – ақ мешіттердің көп болғандығы деректерде кездеседі. Мысалы, Макдиси былай деп жазады: «Шауғар үлкен қала. Қаланы айналдыра қорған салынған. Үлкен мешіт базардың шетінде және тағы басқа да шағын мешіттердің саны көп».

Орта ғасырларда да Түркістан қаласында мешіттер көп болып, ол мешіттер халықтың рухани игілігі үшін қызмет еткен. Мешіттерде хутба оқылып, сол кезде Түркістан қай мемлекет құрамына енген болса сол мемлекет басшысының есімі аталынып отырған. Сол заманда да Иассы қаласы діни орталық болғандықтан, қаладағы мешіттерде мемлекет басшысының есімі аталуы үлкен маңызға ие болған. Имамдардың басым бөлігі жергілікті тұрғындардан шығып, олар Орта Азия және Таяу Шығыс елдерінде білім алған. Сонымен қатар көршілес жатқан ислам елдерінен білімді дін өкілдерін шақырып тәжірибе алмасқан.

Түркістан қаласы Монғол мемлекеті, Темір мемлекеті, Әбілхайыр хандығы және Қазақ хандығы сияқты мемлекеттердің құрамында өмір сүрді. Бұл мемлекеттердің құрамында болған кезеңде мешіттердің саны өсіп отырған. Бірақ бөл үрдіс  қазақ-жонғар соғыстары кезінде тоқтап қалған болатын. Кейінректе Түркістанд  Қоқан хандығы иелігіне өткеннен кейін бұл үрдіс жалғасын тапты. 1819 жылы Қоқан ханы Омархан Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Иассауи мазарына зират жасап, 70 қойды құрбандыққа шалып, кесенедегі барлық қызметші, шырақшы, дінбасыларға сыйлық үлестірді. Сонан соң  Ташкентке қайтар алдында Түркістан әкімі етіп Шейх-и-Бадалды тағайындап, оған қалада бірнеше мешіт-медреселер салуын тапсырып кетеді. Бұл жағдай да жарты ғасыр ғана созылды. Себебі 1860 жылдардан бастап бұл аймақты Ресей империясы жаулап алды. Патша үкіметі де, одан кейінгі кеңес үкіметі де діннің дамып, нығаюына мүдделілік танытпады. Керісінше, Ислам дінінің ықпалын барынша шектеді. Өйткені, оларды қазақтың жері қызықтырды. Ұлт жерімен құнды. Қазақ ұлтын өзіне бағындырып, кең байтақ жерін тартып алу үшін тілі мен дінін кедергі деп білді. Өйткені, тіл халықтың ұлтын білдіретін, ал дін халықтың ақ пен қараны, жаман мен жақсыны және адал мен арамды айыра алатын ұлт екенін айқындайтын нышаны. Сондықтан, дін Ислам халқымыздың қолдауынан қашанда тыс қалмаған.

Қала тұрғындары мешітті – Аллаһ Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын деп біліп, жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны Аллаһ үйі деп есептейді. Сондықтан мұсылман баласы мешітке құрметпен келіп, кішіпейілділікпен «бисмилләһ, О Жаратқан, Маған рахмет есіктеріңді аша гөр!», деп дұға оқып, оң аяғымен  кіру аса сауапты іс. Дәреті болса, нұр үстіне нұр. Мешіттен шығарда «О Жаратқан, жарылқай гөр!» деп айтып, сол аяғымен шығу мешіт әдептеріне жатады. Қасиетті Құранда: «Аллаһтың мешіттерін шынымен Аллаһқа және Ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Аллаһтан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі»,-делінген. (Тәубе сүресі, 18 аяттар)

Халқымыздың тәуелсіздігін алғаннан кейін Ислам дінінің даму қарқыны біршама күшейді. Енділікте, тәуелсіз ел болдық, Аллаһқа шүкір. Мемлекетіміз зайырлы. Зайырлы мемлекеттер ішінде өзімізге қандас Түркия мемлекеті де біз сияқты дінді мемлекеттен бөлек деп қарайды. Бірақ, мешіттерді мемлекет қаржыландырады. Мешітте істейтін имамдар мемлекет қызметкері саналады. Еліміздің экономикасы қарқынды дамып, елу елдің қатарынан табылуды мақсат тұтқан жайымыз бар. Олай болса, алдымызда рухани жағынан да бай болсақ деген үлкен міндет тұр.

Дін насихатпен тарайды. Бүгінгі мешіт имамының ең негізгі міндеті ислам құндылықтарын халыққа жеткізу. Сондықтан, имамның үгіт-насихаты ұғынықты тілмен жан-жақты, әрі мазмұнды айтылса, тыңдаушысының жүрегіне жетіп, баурап алатыны рас. Бұған бүгінгі мешіттердегі жамағаттың аз-көптігіне қарап баға берген орынды болар. Мешітке халық көптеп келуі, намазға қалың жамағаттың қатысуы мешіт діндарларының ұжымдық қызметінің нәтижесі екенін айғақтап тұр. Түркістан қаласының көптеген  мешіттерінде күнделікті түскі бесін намазында арнайы алдын-ала бекітілген уағыз тақырыптары бойынша, үгіт-насихат сабағы жүргізіледі. Сондықтан да дәл осы түскі намаздағы уағызға қатысу үшін қала халқынан түскі намазды арнайы осы мешіттерде оқуды әдетке айналдырғандары қуантарлық  жағдай.

Мешіт ұстау дегеннен мешіттің рухани әрі материалдық жағы түсініледі. Рухани жағына мешітте бес уақыт намаздың өз уақытында оқылуы, діни сауат ашу курсы жұмыс істеуі, қасиетті құран оқу, дұға жасау сияқты тағы басқа да діни рәсімдер жатады. Материалдық жағы мешіт салу, салынған мешіт болса, оның жылуын, жарығын көтеру, керекті заттармен оны қамтамасыз ету, садақа жасап, қолдау көрсету, таза ұстау сияқты амалдардан тұрады. Мешіт ұстау яғни, мешітке рухани әрі материалдық қолдау көрсету шарапатты іс. Сосын мұндай адам Аллаһқа және ақыретке сенеді, намазын оқиды, зекет береді, Бір Аллаһтан ғана қорқады. Сонда ғана олар тура жол табушылардан болмақ. Имам Мүслим риуаят еткен хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Аллаһ Тағалаға ең ұнамды жер қаладағы мешіттер»,––дейді. Тәуелсіздіктің арқасында, Аллаһқа шүкір, бүгінде еліміздің барлық аймақ-өңірлерінде мешіттер бар. Түркістандада қала сәулетіне көрік беріп тұрған зәулім мешіттер  жұмыс істейді.

Мешітке адам баласы әр түрлі себептермен кіреді. Көбі бес уақыт намазын жамағатпен оқу үшін келсе, кейбіреулер туылған нәресте құлағына азан шақыртуға, бірі некесін қидыруға, бірі қайғысын бөлісуге, тағы бірі сауат ашу курсына қатысуға, бірі дін Ислам туралы  сұрап-білуге, дәрет, намаз үйренуге, бірі батаменен ер көгереді дегендей, дұға оқытуға келсе, ал біреулер садақа беріп қайырымдылық жасау ниетімен де келеді. Келген қауымның қадамдарына Аллаһ сауаптан жазғай. Ниеттері қабыл болғай.

Қазіргі Түркістан қаласында 35 мешіт халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Ал ауылдағы мешіттерді қосатын болсақ, онда жалпы саны 62 мешітке жетеді. Қалада мешіттің орналасуы шығыстық үлгіде орналасқан. Яғни, әр қайсы көшенің немесе жергілікті халық тілінде «мәһәллә»нің  өз мешітті бар. Сол бір көшенің тұрғындары бір жеке қауым болып саналады.

Бүгінгі Түркістандағы мешіттер бір мекеме іспеттес. Онда көптеген қызметкерлер жұмыс істейді. Әрине, мешіт қызметкері болғаннан соң мешіттен азын аулақ жалақысын алады. Бүгінгі мешіт қызметкерлерінің жалақысы 25-35 мың теңге көлемінде ғана. Мешіт қызметкерлері осыған да шүкір, деп қызметін барынша адал атқарып жүр. Өйткені бұған дейін мешітте жұмыс істеуші адам 10-15 мың теңге көлемінде жалақы алып отырған. Мешіт қызметкерлерінің Дінбасымызға алғыстары шексіз. Өйткені қазіргі Бас мүфти болып, Әбсаттар қажы Дербісәлі қызметке тағайындалғаннан бері, мешіт қызметкерлерінің жалақысын жылдан жылға өсіріп, имамдарды ынталандырып отыр. Түркістандағы мешіт имамдарының бәрі де жоғары білімді азаматтар. Мешіттің барлық бөлмелері компютерленген. Копьютер интернетке қосылған, электрондық поштасы да бар. Имамдар копьютермен еркін жұмыс істейді. Сондықтан мешіт имамдарынан интернет арқылы да шариғи мәселелерді сұрап,  біліп отыруға болады.

Түркістан қаласы тарихта небір тоқырау кезеңдерден өтіп, осы күнге дейін жойылмай бізге жетуінде мешіттердің рөлі  үлкен. Себебі мешіт санының көп болуы халықты руханилыққа жетелеп, кез келген қиын кезеңдерде тиімді шешім табуына көмектеседі.

Діни сауаты бар қала ақсақалдары, дінбасылары және интелегенция өкілдері қай заманда болмасын Түркістан қаласының киелі  әрі рухани  қала екендігін билеуші өкілдерге түсіндіріп, қаланы сақтап қалуға тырысқан. Тарихта қаншама қалалар  соғыс жағдайында немесе тағы басқа жағдайларда жойылып отырған. Ал Туркістан қаласы тарихта көптеген жаулаушылық соғыстар көрген, бірақ  жаулаушылардың өзі қаланы жаулап алған күннің өзінде қаланы ойрандауға, зорлық зомбылық жасауға қолдары бармаған. Бұл жағдай қалаға, оның халқына, мәдениетіне деген құрметті білдіреді. Осындай жайттар қаланың аман қалуына көмектескен. Сондықтан да XXI ғасырда біз Түркістан қаласын Қазақстанның рухани астанасы ретінде көріп отырмыз.

Join The Discussion