Педагогика
Жайлаубаева Индира Жубаткановна, Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МЕМОРИАЛДЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МЕМОРИАЛДЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

Мақала авторы: Жайлаубаева Индира Жубаткановна
Жұмыс орны: Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі
Лауазымы: арнайы пәндердің оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 02.02.2018


«Егемен еліміздің мәдени өмірінде музейлердің орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу – Қазақстанда патриотизмді қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі…»
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

Кез-келген мемлекеттің қарқынды дамуы тек оның экономикалық және саяси жағдайының тұрақты болуымен байланысты емес, сонымен қатар материалдық және рухани мәдениетінің деңгейімен де анықталады.Әсіресе рухани мәдениеттің адамның тұлға болып қалыптасуында оның ролі мен маңызы өлшеусіз.Өйткені тарихымызды білмей мәдени мұраларымызды зерделемей бүгінгі тірлігіміздің қасиетін жете бағалай алмаймыз, ал онсыз ертеңгі өмірімізді сезіну де қиын. Ал мұның түп қазығында қоғамдық сананың қалыптасуы, рухани жан дүниеміздің баюы, ұрпақ тәрбиесі жатыр.
Ата-бабамыздың ақыл мен парасатқа толы мұраларын жоғалтпай , ұрпақтан-ұрпаққа сақтап бала тәрбиесіне тиімді пайдалана білудің алар орны ерекше. Осы мақсатта жемісті жұмыс жасап отырған мұражайлар бүгінгі ұрпақтың өткенді танып–саралап, бүгінге сыни көзбен қарап, болашаққа көз жүгіртуіне жол ашуда.Мұражайлар әр кезеңде қоғамның және көптеген елдің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болып саналды.Бүгінде мұражайлар қызметінің бағыты – жан-жақты. Түрлі өзгешеліктеріне қарамастан олардың бағдары халықтардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған. Мұражай тек мың жылдық тарихты сақтап қана қоймай, сондай-ақ өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше орын алады. Мұражайдағы жәдігерлер оқу–тәрбие жұмыстарын жүргізуге көп көмегін тигізуде. Себебі оқушыға көп мағлұматты ауызша жеткізгеннен, бір нәрсені көзбен көрсету көкейге қонымдырақ болатыны ғылымда дәлелденген. Мұражай алғашқыда аса бағалы бұйымдар мен мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Уақыт өте келе ол әдістемелік қызметі жетілген функционалдық институттарға дейін дамып жетілді. Жаңа мыңжылдықта адамзаттың жаһандану дәуіріне аяқ басу кезеңінде мұражай қызметіне жаңа ақпараттық құрал-жабдықтар мен интеграциялық үрдістер дендеп енуде. Мұражай ерекшелігі – оның қызметінің негізгі табиғаты материалдық және рухани өмірдің ескерткіштері болуымен анықталады. Мұражайлық заттар – табиғаттағы және қоғамдық өмірдегі процестер мен оқиғалардың, құбылыстардың түпнұсқалық айғақтық жәдігерлері. Заттың мұражайлық маңызы әлеуметтік, ғылыми, мәдени, тарихи құндылығымен бағаланады.
Мұражай ісі мен қызметін дамыту мақсатында 1889 ж. 20 маусымда халықаралық “Мұражайлар ассоциациясы” құрылды. 1918 ж. Халықаралық мұражайлар Бюросы құрылып, “Музеон” журналын шығарды. Бұл ЮНЕСКО- ның “Музеум” журналының шығуына негіз болды. 1946 ж. Луврда (Париж) ЮНЕСКО-ның құрамына енген Халықаралық мұражайлар кеңесі ІCOM құрылды. ІCOM-ға 1948 ж. – 29 мемлекет, 1950 ж. – 43 мемлекет, 1977 ж. – 109 мемлекет, 1999 ж. – 135 мемлекет мұражайлары мүше болды. ІCOM әр үш жылда өзіне мүше бір елде бас қосу өткізеді. 2002 ж. мамыр айынан бастап “Қазақстан мұражайлары” журналы шыға бастады. 1977 ж. Халықаралық мұражайлар Кеңесінің 11 конференциясында 18 мамыр Халықаралық мұражай күні болып белгіленді. [2-579 б]
Мұражайлық өлкетанудың дамуы «Қазақ АКСР-інің құрылуы туралы» декретке қол қойылғаннан кейін 5 жыл уақыт өткен соң Орынбордағы мұражайды кеңейтіп, Халық ағарту комиссариатының құзырына өткізу туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, 1831 жылы орыс ғалымы В.И.Дальдің ұйымдастыруымен құрылған мұражайдан Қазақстанның мұражай тарихы басталады.
Мұражай, музей, (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдыққызметатқаратынмекеме. Қазіргі кезде әлемге танымал ғылым мұра¬жайларының алдыңғы қатарында Мәскеудің политехникалық мұражайы, Голландияның, Финляндияның, Германияның, Италияның, АҚШ-тың ғылыми мұражайлары тұр. Аталған мұражайлардың әрқайсысы өзіндік даралығы¬мен ерекшеленеді. Алайда олардың бәріне ортақ мақсат – адамға әлемді танудың құпия-сырларын паш ету, соны танудағы ғылымның қол жеткізген айрықша жетістіктерін насихаттау. Қазақстан ғылымының мұражайы да осы үлгіні бойына сіңірген өзіндік тың ерекшеліктері басым ғылым орталығына айналу мақсатында дамып келеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда тарихи, өлкетану, мемо¬риалдық және тағы басқа мұражайлар саны 160-тан асады. Бұл күнде мұражайлар типі ғылыми-зерттеу, ғылыми-ағарту, және оқу мұражайлары болып бөлінеді. Мәдени – білім беру және ағарту бағытында ғылыми-ағарту мұражайлары кең ауқымда көпшілікке қолжетімді болып келеді. [2.13 б]
Ұлт ұстазының есімін иеленген Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы да жас ұрпақты тәрбиелеуде өзіндік сара жолын қалыптастырған өңіріміздегі ең таңдаулы мұражайлардың бірі де бірегейі.
Өткенге шолу жасап аталмыш мұражайдың тамыры терең тарихына шолу жасап көрелік.
Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комитетінің төрағасы Е. Рахмадиевтің бұйрығымен 1991 жылы 9 желтоқсанда ашылды. Бұл айтулы шара көрнекті педагогтің туылғанына 150 жыл толуымен және оны құрметпен еске алу үшін орайластырды. Мұражай Қостанай қаласының талантты бас сәулетшісі Хажымұрат Күшіковтің жобасының желісімен қаланып тұрғызылды. Ең қызығы мұражай ұлттық бағытта киіз үйге ұқсастырылып салынған. Сыртқы бейнесінің өзі қазақ халқының ақжарқын дархандылығы мен қарапайымдылығын еріксіз аңғартады. Мұражай қаланың тарихи-архитектуралық бөлігінде, Ордабай шатқалында 1884 жылы жазушы негізін қалаған дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат жанында орналасқан.Ғимарат екі бөлімнен тұрады. Біріншісі — мемориалды бөлме мен әкімшілік кабинеттері орналасқан бірқабатты ғимарат — Ыбырай Алтынсарина мектебінің көшірмесі.
Ғимараттың екінші бөлігі киіз үй түрінде жасалған және 2 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта «Ыбырай Алтынсарин-педагог-ағартушы» атты көрмесі, ал екінші қабатта «Қазақстан Республикасының халық жазушысы Мариям Хакимжанованың шығармашылық лабараториясы» атты көрмесі орналасқан.
Жалпы мұражай ауданы 818,1 м2, оның ішінде негізгі — 586,6 м2, әкімшілік -231,5 м2. Мұражай қорында 11820 экспонат, оның ішінде негізгі қорда 10190 экспонат сақталады.
Ең қымбат және бірегей топтамалар: Ы. Алтынсарин кітабының түпнұсқасы, ағартушының және немересі Нағима Ыбыраеваға тиесілі жеке заттар.
Екі қабаттан тұратын мұражай түрлі тарихи жәдігерге толы. Оның ішінде XIX ғасырдағы сыныптың көшірмесі де бар. Бәрі тиянақты жасалғаны соншалық, іштей көшірме екенін біліп тұрсаң да, бұл сыныпқа кіргенде шынында Ыбырай Алтынсаринді көргендей сезімде боласың. Ал әйгілі ұстаздың өз қолымен жазылған өлең шумақтарын көргенде кез-келген адам толқитыны рас.Сонымен қатар қорда отбасында қолданылмаған Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметіне арналған кітаптар, заттар, Ы.Алтынсариннің кітаптары, фотосуреттер, естеліктер бар. Мұражайда құрылған көрме Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметін ғана емес, Қазақстанның халық ағарту ісі жүйесінің пайда болу және даму тарихын баяндайды.
Торғай облысының болашақ инспекторы 4 уездік екі кластық орталық училищелер, бес болыстық мектептер, қоныс аударған орыс балалары үшін екі училище ашты. Ол қыздар және қолөнер оқуының бастауында тұрды, оны мұражайдағы мұрағаттық құжаттары, баға жетпес фотоматериалдары куәландырады.
Мұражай жинағы Алтынсарин мектебінің түлектері, көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, ағартушылар туралы қызықты материалдармен, Ы.Алтынсаринның туысқаны, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың тамаша шығармалары және ерекше құрметтейтін жеке заттарымен толықтырылған. Бүгінде мұражай өңіріміздегі кешенді ғылыми-ағарту мекемесі болып табылады. Мұражайдың негізгі бағыттарының бірі ғылыми-ағарту жұмысы болып табылады. Ол қор жәдігерлерінің негізінде құрылған экспозиция, тұрақты және уақытша көрмелер, сонымен қатар дәрістер, сұхбаттар және жұмыстың басқа түрлері. Экспозициялық залда «Ы.Алтынсарин – педагог-ағартушы», «ҚР халық жазушысы М.Хакімжанованың шығармашылық зертханасы» атты көрмелер қойылған. Осы экспозиция бойынша жоғары және орта, кіші сынып оқушыларына арналған әр түрлі шолулар және тақырыптық экскурсиялар өңделген. Тақырыптық экскурсияларда мұсылман оқуы, ағартушының балалық шағы мен оқуы, Ы.Алтынсарин құрастырған мектеп жүйесі, оның педагогикалық, әдеби және қоғамдық қызметі туралы айтылады.
Тұрақты экспозиция бойынша төмендегідей тақырыптық экскурсиялары ағартушының өмірі мен абыройлы қызметін насихаттау мақсатында жүргізіледі.
1. Қазақстандағымұсылманоқуы.
2. Ы.Алтынсаринныңалғашқыөміржолы мен педагогикалыққызметі.
3. Ы.Алтынсарин — өлкедегімектепжүйесінқұрушы.
4. Ы.Алтынсаринныңғылыми, әдеби, жәнеқоғамдыққызметі.
5. Ы.Алтынсаринныңотбасыжәнеөмірініңсоңғыжылдары.
6. Ы.Алтынсаринхалықесінде.
7. Алтынсаринмектептерініңтүлектері.
8. Жексенбілікмектептерденбейбітшілік пен бірлікке.
Сонымен қатар Мемориалдық мұражайдың келесі бағыты – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мұрасын сақтау, зерттеу және дәріптеу. Осы бағытта мұражай қызметкерлері «Ы.Алтынсариннің ғылыми, әдеби және қоғамдық қызметі», «Ы.Алтынсарин және қазақтың ағартушылары, әлемдік және орыс мәдениеті мен педагогика қайраткерлері», «Ы. Алтынсарин мектеп жүйесін жаратушы », «Алтынсарин халық жадында» — деген тақырыптары бойынша ақпарат жинаумен үздіксіз айналысып келеді.
Маңызы зор мұражай өскелең ұрпақты тәрбиелеу кезінде тарихи сананың қалыптасуына ықпал ете отырып – келешек жас ұрпаққа оқу-білім, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының қайталанбас талантты ұлы Ы.Алтынсариннің ұлы мұраларын дәріптеу мен тағы да басқа ұлтымыздың мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани-мәдени орынға айналып отыр.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Музеи занимают особое место в культурной жизни страны. Поздравление Президента РК Н.А. Назарбаева работников музеев Казахстана с Международным днем музеев//Казахстанская правда.-1998.-19 мая.-С. 1.
2.Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.-6 том. Алматы: қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы,2004 жыл-696 б
3. Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы http://altinsarin.kz
4. Тойлыбаева Ұ. Мұражай ісі – танымға жол // Мәдени мұра. – 2013. — №1.13 б

Join The Discussion