Эссе
Исаева Гүлзира Темірханқызы, Заман талабы — білікті ұстаз

Заман талабы — білікті ұстаз

Мақала авторы: Исаева Гүлзира Темірханқызы
Жұмыс орны: С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі, Арыс қаласы
Лауазымы: Мұғалім
Порталға жариялану мерзімі: 12.11.2017


       Адам өз өмірінің мәнді, сәнді болуы үшін екі ең басты таңдаудан қателеспеуі керек. Бірі жар таңдауы болса, екіншісі мамандық таңдауы. «Дүниедегі мамандық атаулының төресі — ұстаздық» деп бабаларымыз бекер айтпаған-ды. Ұстаз — шартараптағы бүкіл мамандықты  дайындайтын, алғашқы табалдырықтан аттататын бірден-бір жан. «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  деген қанатты сөз соның дәлелі.  Ұстаз — бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам.  Ыбырай айтқан жақсы мұғалімде қандай қасиеттер болу керек? Адам болып дүниеге келгеннен кейін ұстаздардан дәріс, тәлім-тәрбие алып, ұстаздық жолын таңдағаныма дән ризамын. Менің осы жолды таңдауыма мектеп қабырғасындағы ұстаздардың ықпалы зор болды. Менің дүниетанымымның, өмірге деген көзқарасымның қалыптасуына, болашағымдағы үлкен белестерді бағындыруға септігін тигізген ұстаздарыма әрдайым бас иемін.

    Біздің мемлекетіміздің басты құндылығы адами капитал болатын болса, сол капиталды ертең жарыққа шығаратын сол капиталдың сапалы да саналы болуына ең бірінші ықпал ететін қозғаушы, тәрбиелеуші, бағыттаушы  күш ол — ұстаздар…

     Атақты Конфуций айтпақшы «Біз әлемді өзгерте алмаймыз, бірақ өзімізді өзгертуге күшіміз жетеді.» Осы сөздерге үңіліп қарасақ біз өмір сүріп жатқан әлем әр сәт сайын, күнде бір жаңалығымен дүниені таң қалдыруда. Осы орайда жаңалықты жасайтын баланы шабыттандыратын ұлы мұғалімдердің саны уақыт өткен сайын азаюда. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші — білім деңгейімен өлшенеді.  Дәл қазір  баланың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мұғалімнің өзі жан-жақты дамыған, жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген, аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсе ұмытпайтын алғыр да ақыл иесі, өнер-білімге құштар,  жаны асқақ ар-намысын ардақтайтын жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін ержүрек болуы керек. Менде осы орайда балалардың болашағы үшін үлкен жауапкершілікті сезінемін. Мен өзімді өзім тәрбиелей жүріп,  өзгені тәрбиелейтіндей қасиеттерді бойыма сіңірудемін.  Кез-келген істе жақсы нәтижеге қол жеткізуім үшін мен жауапкершілікпен, табандылықпен, сабырлылықпен, сүйіспеншілікпен, басқа да жақсы қасиеттер арқылы оқушыға үйрете отырып, сонымен бірге өзімде үйренемін.

    «Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ».  Елбасының болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндеттің ауыр екендігін қазір көпшілігі түсіне бермейтін секілді. Оның салдары дәл қазір болмаса да, бірнеше онжылдықтан кейін көрінері сөзсіз. Дегенмен, соның бастамасы қазіргі менің шығармашылығымда шыңдалып жатқаны аян. Әр балаға жеке тұлға ретінде қалыптасуына, қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін  сабақтарымда  түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді орнымен пайдалана отырып оқушының пәнге  деген қызығушылығын арттырудамын.

     Фараби айтқан ержүрек ұстаздың басты міндеті — өзінен озып шығатын шәкірт тәрбиелеу. Ол мұғалімнің басты жетістігі. Ал мұндай ауыр жұмысты алып жүріп, сондай жетістікке жету , әрине, шыдамдылықты, қайсарлықты қажет етеді.  Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді.

     Ал қазіргі ұрпақтарды тәрбиелеп, білім беру тіпті қиындап кеткендей. Қанша дегенмен 21 ғасыр технологияның дамыған заманы. Алайда ол жасы ширек ғасырға да жетпеген жеткіншектерге оңайырақ. Жаңа ғасыр жастар мен жаңа идеяларға толы болады. Егер… Егер олар шын жүрегімен осыны қаласа.  

     Ел намысын қорғайтын спортшыны, мың бұралып билейтін бишіні, күміс көмей әншіні , әділ шешім шығаратын сотты, түбінде ел экономикасын көтеретін келешек ұрпақты тәрбиелейтін адам ол — ұстаз.   Жер бетінде мақталып, көкке көтерілетін мамандық болса, ол — ұстаз. Бір ғана — ұстаз.

     Ұстаз ретінде ұстаздарды әрдайым құрметтеймін. Себебі мен ұстаздардан дәріс алдым, тәрбие ілдім, білімімді толықтырдым. Содан кейінгі ұстазым — өмір деп білемін. Ол менің өмірімдегі сан қилы алуанды меңгеруіме тікелей себепкер.

     Ұстаз — үздіксіз өмір бойы білім алатын, жаңалыққа жаны құмар, үнемі зерттеуші тұлға.

 

Join The Discussion