Білім берудің негіздері
Шалапова Гулнур Набихановна, ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ: СТУДЕНТТЕРДІ КӘСІПТІК ПРАКТИКАҒА ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ: СТУДЕНТТЕРДІ КӘСІПТІК ПРАКТИКАҒА ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мақала авторы: Шалапова Гулнур Набихановна
Жұмыс орны: М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі
Лауазымы: педагогика пәні оқытушысы
Порталға жариялану мерзімі: 14.11.2017


Елімізде 12 жылдық мектепке көшуге жан-жақты дайындық жүріп жатқанына он жылдың төңірегіндей уақыт болды.12 жылдық мектепке көшу – еліміздің стратегиялық дамуы бағытының қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктерінен туындаған таңдау. Ешбір мемлекет әлемдік интеграция мен ғаламдану үдерісінен тыс қала алмайды. Әлем елдерінің 80%-дан астамы орта білім берудің 12 жылдық жүйесін қолданып жатқаны ақиқат және ол дәлелдеп әуреленуді керек етпейді. Елімізде орта білім беру ісінің даму стратегиясы айқындалған. Ендігі жерде оны тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыру міндеттері тұр.
Мұндай жағдайларда білім алушыны өмір сүруге дайындау үшін академиялық білім, функционалдық дағдылар, жеке тұлғалық қарым-қатынастар мен құзыреттіліктер жеткіліксіз. Мүлдем жаңа сапа – метабілімділік, метақұзыреттілік қажет.
Озық экономика білім беру мақсаттарын «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлайтын, әрекет ететін, өзін-өзі дамытатын адамға» ауыстыруды талап етуде.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 107 бұйрығымен бекіген Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларында «Кәсіптік практиканың бағдарламасы мерзімді жаңартылады және ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін, практика базасында қолданылатын инновациялық технологияларды қамтып көрсетеді» делінген.
Жаңартылған мазмұн мен 5 күндік оқу аптасына көшу кестесіне сәйкес 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар, 2018-2019 оқу жылында 3, 6, 8,10-сыныптар, 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 11-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Демек, оқытушы студенттерді осы жаңартылған білім мазмұыны бойынша жұмыс жасауға дайындау керек.
Оның бір жолы – студенттерді кәсіптік практикаға (оқу тәжірибелері) дайындау кезінде білім бағдарламалары бойынша, сондай-ақ, басқа да маңызды деген мәселелер жөнінде үнемі толық ақпар етіп отыру.
Білім беру мазмұнын жаңарту аясында білім алушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру және оның нәтижелерін бақылауды жүзеге асыру үшін педагог әртүрлі әдістер мен құралдарды пайдалануды талап етеді. Сол орайда оқу процесі оқушылардың өздерінің белсенді қызметімен сипатталатынын атап өткен маңызды. Бұл жағдайда мұғалім білім алшылардың танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушысы ретінде болады.
Жаңа стандарттар құзыреттілік тәсіліне негізделген, соған сәйкес оқу бағдарламаларының құрылымы өзгерді: міндетті меңгерілуі тиіс белгіленген оқу материалынан емес, күтілетін нәтижеге қарай әрекет жасаймыз. Бұл білім алушының қабылдауы өзгергенін, яғни басым авторитарлықтан ынтымақтастық оқытуға көшуді білдіреді.
Сонымен бірге, ҚР «Білім туралы» Заңында қазіргі кезеңде мұғалім біліктілігін жетілдіру мен қатар кәсіби қызметінің ғылыми негіздерін өмірде қолдануға, іскерлік пен дағдыны қалыптастыруға ерекше мән берілген.
Осы талаптарды жүзеге асыру мақсатында кәсіптік тәжірибенің жұмыс оқу бағдарламасынада әрбір тарау мен тақырыптарға кәсіптік және әдістемелік пән бойынша соңғы жаңалықтар мен өзгерістерден 50% дейін өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Мәселен:
1. Жаңартылған білім мазмұны бойынша Жалпы білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының ерекшеліктері:
2. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың: Ұлт Жоспары – “100 нақты қадам” жоспарындағы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі негізінде тәрбиелеу
3. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерін талдау
4. «Туған жер» бағдарламасы негізнде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру
5. Жаңартылған білім мазмұны бойынша білім беруді ұйымдастырудың ерекшеліктері (1,2-сыныптар үшін)
6. Оқу процесін ұйымдастыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдер, әдістемелер, технологиялар
7. Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі
8. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың ерекшеліктері. Пән мазмұны бойынша тұлға бойында қалыптасуға тиісті құндылықтар.
9. «Жүйелі-әдістемелік кешен» (ЖӘК) ұғымын талдау, smk.edu.kz порталындағы ЖӘК туралы мәліметтермен танысу
10. Электронды журналдың үлгісі жұмыс ерекшеліктері
11. Жаңартылған білім мазмұны аясындағы білім алушы күнделігінің үлгісі
12. Бастауыш мектептің 1,2-сыныптарына арналған оқу пәндері мазмұнының әдістемелік ерекшеліктері тақырыптарымен толықтырылды.
Аталған толықтырулар мен өзгерістер кәсіптік тәжірибенің үлгілік оқу бағдарламасы түсініктемесінде және типтік оқу жоспарының түсініктемесінде берілген білім беру ұйымдарының құқықтарына негізделіп енгізілді.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Қазіргі коғам нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын кәсіби мамандар даярлау мәселесінің сан қырына жаңаша қарауды талап етіп отыр. Бұл талаптарға сәйкес болашақ мамандарын даярлауда кәсіптік тәжірибеге саутты дайындаудың маңызы зор.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. ҚР «Білім туралы» Заңы
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 107 бұйрығымен бекіген Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидалары
3. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017. – 340 б.
4. Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы
5. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың: Ұлт Жоспары – “100 нақты қадам” жоспары
6. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №587 бұйрығымен (30.12.2010ж) бекітілген кәсіптік тәжірибе жинақтаудың үлгілік оқу бағдарламасы
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

Join The Discussion